Қазақстан Республикасының Ғылым және Білім министрлігі
Ғылыми
жұмыс
Бағыты: жаратылыстану-математика
Секциясы: Әдебиеттану.
Тақырыбы: "М.Жұмабаев лирикасының көркемдік әлемі"
Орындаған: Қазыбек
Аймақұлы Ақмола облысы
Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебі
11-сынып оқушысы
Жетекшісі: Жұмай Ауғанбайұлы Ақмола облысы
Аршалы ауданы Сарыоба орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
2016-2017 оқу жылы.
Жоспар.
I. Кіріспе. "Адам жанын жырымен әлдилеген"
II. Негізгі бөлім."Өлең сөздің өрен жүйрігі"
а) Махаббат лирикасы.
ә) Табиғат лирикасы.
б) поэмалары.
в) көркемдік әлемі.
III. Қорытынды. "Жырым мәңгі қалады Алашыма."
Кіріспе.
"Адам жанын жырымен әлдилеген." Халқымыздың от-жалынды, зор талантты ақындарының бірі Мағжан
Жұмабаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданындағы Сасықкөл
мекенінде 1893 жылы 15 мамырда дүниеге келген. Өз әкесі Бекен, Жұмабай қажы, Шоқай,
Өтеген, Өтеміс - өз заманында даңқы шыққан белгілі кісілер. Мағжан өзінің Мүсілім,
Қаһарман, Мұқаметжан, Сәжлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күландам, Гүлбарам сияқты
бауыр-қарындастарымен құлын-тайдай тебісіп, романтикаға толы тәтті, қимас шағын
бастан кешірген.
Талантты ақынның алғашқы өлеңдері Уфадағы, Омбыдағы қабырға
газеттерінде, қолжазба журналдарда, мерзімді баспасөз бетінде жарияланып, жұртшылық
назарын аударды. 1912 жылы Қазанда "Шолпан" атты өлеңдер жинағы шыққанда, Мағжан не бары
он сегіз-он тоғыз жас шамасында болатын. Абай кітабының басылғанына үш-ақ жыл өткенін
ескерсек, жас ақынның даңқы қазақ сахарасы аспанына қалай көтерілгенін ұғу қиынға
соқпас. Бұдан кейін де қазақ газет-журналдарының бетінде Мағжан шығармалары үздіксіз
жарияланып тұрды. Негізінен, ақын өлеңдері оқырман қолына екі рет жинақталып,
топталып тиді. Бірінші рет 1922 жылы Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екінші
рет осы кітап толықтырылып, Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен 1923 жылы
Ташкентте шықты. "Педагогика", "Сауатты бол" (араб, латын әріптерімен
бірнеше рет басылған) кітаптары, аудармалары басылды.
Ақынның
атағы тек Қазақстанға ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстанға
түгел жайылып, сол тұстағы татар Ғалымжан Ибрагимов, өзбек Фитрат, Шолпан, қырғыз
Қасым Тыныстанов, башқұрт Сайфи Құдаш Мағжан ақындығының терең тұңғиығына назар
аударса, қазақ топырағында сан алуан, кереғар пікірлер айтылды. Ахмет Байтұрсынов
"Әдебиет танытқыш" (1926) кітабында қазақ өлеңі табиғатын, құрылысын
түсіндіру үшін Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алады. Жүсіпбек
Аймауытовтың "Мағжанның ақындығы туралы" зерттеу еңбегі - поэзия
танудағы ғажайып эстетикалық биіктеріміздің бірі. Мұхтар Әуезов Мағжанды
Абаймен қатар атап, сөзі болашаққа жететін ең үздік, заманынан озған жүйрік ақын
санайды. Ал Ғаббас Тоғжанов "Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны", Сәбит
Мұқанов "ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті" еңбектерінде Мағжан
плэзиясын сынайды. Деректі социологиялық өлшемдер жетегіне еріп, кей тұстарда
саяси уақыттың дәлелсіз орын алып
келгенін жасыруға болмайды.
Өлең
сөздің өрен жүйрігі. Әдеби тілде ел сүйсінерлік керемет өлең, жыр жазу үшін
құбылту керек. Тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл -
құбылту, яғни троп. Сөздерді тура мағынасында емес, бұрма
мағынасында қолдану. шындықты бейнелеп кейде тіпті перделеп таныту, ойды өзгертіп,
тіпті өңін айналдырып айту.
Құбылтудың
түрлері көп. Әдеби тілдегі ең басты құбылтулардың бірі - ауыстыру, яки
метафора- сөз мәнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеп отырған затты не құбылысты
айқындай түсу үшін, ажарландыру үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа немесе құбылысқа
балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын
тереңдетіп, әсерін күшейту. Мұндай ауыстырулар Мағжан
поэзиясында, махаббат лирикасында да көптеп кездеседі. Мысалы "Жас
сұлуға" өлеңінде:
Мен ақынмын
- ағынмын,
Сылдыраймын, сүйемін.
Мен -ақынмын
жалынмын,
Шапшып көкке тиемін.
Мен ақынмын - жел жүйрік,
Гуілдеймін, ұшамын.
Мен - ойыншы көбелек,
Көрінген гүлді
құшамын.
Бұл
мысалдың бірінші шумағындағы ағынмын,
жалынмын, сөздері арқылы ақын өзін біресе тоқтаусыз ағып жататын ағынға теңесе,
енді бірде алаулап жанатын жалынға теңейді. Ал екінші шумақтағы жел жүйрік,
көбелек сөздері арқылы гуілдеп тоқтамай ұшатын жүйрік жел мен әр гүлге бір қонатын
көбелекке теңей отырып, өз бойындағы қасиеттерін ағынмын, жалынмын, жел жүйрік, көбелек сөздеріне
ауыстырып керемет қолданған.
"Қарындасқа"
деген өлеңінде:
Өмір - өзен, аға бермек сылдырап,
Тұрып болмас, жағасында жөн сұрап.
Қамыс
бол да бетінде қалқып аға бер,
Аға
алмасақ, бір уақытта дерміз: "Қап!"
Ақын өзіміз сүріп жатқан қарапайым өмірді тоқтаусыз аға беретін өзенге теңесе, сол өмірді
сүріушіні өзен бетінде тоқтаусыз ағатын қамысқа теңейді.
"Ж...ҒА"
деген өлеңінде:
Өмір
- көпір, от үстінде салынған,
Діңгектері
зәндем отқа малынған.
Қорқу
білме, аяқтарың таймасын,
Ойнап
қана өт, шарпу көрме жалыннан.
Өмір
- зәндем, қара бұлтты қара түн,
Естімессің
қара өмірде жылы үн.
Ұзын
жолда арып, жасың төккенде,
Жұбататын жақын жолдас, жарың кім?
Тағы бірде
өмірді от үстіне салынып, діңгектері отқа малынған көпірге теңей
отырып, кейіпкерге өмірден қорықпа, еш қиындық көрме деген тура мағынаны жалыннан
шарпу көрме сөздерімен керемет ауыстыра білген.
Ал төмендегі "Жұлдызды
- жүзік, айды алқа ғып берейін" өлеңінде:
Келші,
көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші,
сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет,
жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды-жүзік,
айды алқа ғып берейін.
Сөзің
- сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз
жүрек дария болып аққандай.
Көркің,
Күнім, күндей күміс табаққа,
Мінсіз
сұлу меруертті шашқандай.
Шашың
- толқын, жүрегімнің жарына
Соғылды
да, батты улы зарыма.
Айнам,
саған арнап жырлар жазамын,
Қаламыды
малып жүрек қанына.
Осы мысалдағы "Жұлдызды - жүзік, айды
алқа ғып берейін" өлеңінің
тек тақырыбының өзінде "Жұлдызды
- жүзік, айды алқа" сөздері
метафора болып тұр. Ал өлең құрылысына келер болсақ; "Сөзің - сиқыр,
шашың - толқын" тіркестерінде де ауыстырулар (метафора) ерекше қолданылған. Ақын
тек өлеңдерінде ғана емес, поэмаларында да құбылтудың сан түрін қолданған.
Мысалы "Батыр Баян" поэмасында мынандай метафоталар кездеседі.
Қол қалды,
жүз жолбарыс майданды ойлап,
Тартады шабуылмен Іле бойлап.
Алдында ақ сұңқардай Батыр Баян,
Екпіні қауға тиген өрттей ойнап.
Бұл жерде қол
және жолбарыс сөздері ауыстыру болып табылады. Әскерлерді қолға теңесе, қаһарынан жау қаймыққан
батырларды жолбарысқа теңеп отыр. Мағжан Жұмабаев өз өлеңдері мен
поэмаларында метафораларды осылай қолданса,
Абай Құнанбайұлы былай қолданған.
Рақымшалға
Сұлу аттың көркі - жал,
Адамзаттың көркі - мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет - қызық, бала - бал.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем - борыш, сөз - қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп сыналмай жүр.-
- Бірінші мысалда дәулет
- қызық, бала - бал тіркестері метафора болып тұрса, екінші мысалда
сәлем - борыш, сөз - қулық тіркестері
метафора болып тұр. Автор өз өлеңдерінде ауыстыруларды жүйесіне келтіріп
керемет ұштастыра білген.
Жансыз табиғат құбылысын кәдімгі тірі
кісінің қылығымен ауыстыра суреттейтін құбылтудың бір түрі - кейіптеу. Мағжан да "Жазғы жолда" мен "Қысқы
жолда" өлеңдерінде де кейіптеу арқылы жансыз табиғатты тірілте
білген. Мысалы, "Жазғы жолда" өлеңі:
Созылып ұйықтап бел жатыр,
Төсін
керіп көл жатыр,
Тыныш, тәтті түс көріп.
Суға - айнаға қаранып,
Салқынша леппен таранып,
Қамыс та тұр тербеліп.
Ақ бұлттар тұр жусап,
Күңіренеді жер сусап,
Алыстан ақырын Күн күлер.
Қызыл
жүзді гүлдерді,
Бұраңдаған белдерді
Сүйемін деп күйдірер.
Сыбдыр-сыбдыр жүргендей,
Сылқ-сылқ күлгендей,
Көрінбей неге билейді.
Ақынның бұл өлеңінде
көл төсін керіп, бел тәтті тыныш түс көріп, айнаға қарап, шашын тарап Күн күліп
тұр. Неізінде мұның бәрі де адамның істейтін іс-қылықтары айнымаған кейіптеу.
Ал, "Қазақтың
бас ақыны" - Абайдың Лермонтовтан аударған "Теректің сыйы" деген
өлеңіндегі бейнелеу тәсілі де - түп-түгел кейіптеу: асау теректің долдануы,
буырқануы, бұйра толқынның айдаһардай бүктелуі, Кавказдан азан-қазан,
у-шу ақырап шыға бере қалың қайратын бойына жасырып, беті күле
момынси қалуы - бәрі де өзен емес, адам мінезіне ұқсайды. Енді бірде Терек
Каспийге келіп:
-
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау
тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем
алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат
әклдім, қош көріп ал,-
деп айны қатесіз адамша саудырап сөйлеп тұрса, қартаң
Каспий қалғыған қалпы, анау әкелген "бұғы мен маралға, адамнан
тартып алған көп малға, ер-тоқымы, атымен, қаруымен тұтқындап әкелген ер
шеркеске"... - біріне риза болмай ма, кім білсін, көзін де ашпайды, тіл де
қатпайды. Амалы құрыған Терек ақырында:
-Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Қазақ-орыс
қатыны бір сұлуды
Әкеліп
ем, қайтейін, оны-дағы ал!-
деп бағанадан бері қимай тұрған аяулы асылын ұсынғанда ғана:
Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен терекке амандасты...
Каспийдің, Абайша айтқанда, "жыбыр қағып, қозғалып,
сылқ-сылқ күлген" шайтан шалдың одан арғы қылығы мен қимылы да - аумаған
адам мінезі мен әрекеті. Бұл да Мағжанның "Жазғы жолда" өлеңіндегідей керемет кейіптеу.
Айқындау, яғни
эпитет - заттың, құбылыстың айрықша
сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз айтарыңды анықтау,
суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын. Ақын Жұмабаев өз өлеңдерінде эпитетті
былай қолданған; мысалы "Түн еді" өлеңінде:
Түн еді. Көкте қаптап бұлт тұрды,
Жел жылады, долы дауыл ұлып тұрды.
Секіріп сары шаш шайтан, жындар билеп,
Әлдекім сылқ-сылқ қана күліп тұрды.
Шашымды жұлды әлдекім талдап-талдап,
Ыстық
жас домалады көзден парлап.
Жалғыз
жан есіркеген болдыма? Жоқ!
Жыладым жапан түзде жалғыз зарлап.
Долы дауыл, ыстық жас, сары шаш шайтан - бұл эпитеттер өлеңге
жаңаша әр беріп, керемет үйлесіп тұрғанына еш талас жоқ. Енді мұндай эпитеттер
Абайда қалай қолданылған екен. Байқап көрейік.
"Күз" өлеңінде:
Сұр бұлт,
түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп,
бәйшешек жоқ бұрыңғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес басла шулай.
Қайыршы шал кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айырылған ағаш қурай.-
деген шумақтарындағы эпитеттер (сұр, түсі суық, дымқыл,
жасыл) өлеңге тың ажар, тым тәуір әсер дарытып тұр.
Немесе Мағжанның "Батыр Баян" поэмасында:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір
абақты ғой саналыға.
Қызыл
тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да.
Қу өмір
қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.
Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар
Әдемі ертегідей
баяғыда.
Әдемі өткенді ойлап айнымасам,
Сұм өмір
күшті уын аяды ма?
Ақын бұл поэмасында да эпитеттеді нақышына келтіріп
суреттей білген. Әр сөзді әдемі айқындап, қолданылып тұрған тіркеске кереметтей
ұштастыра білген.
Әдеби тілге үстеме
мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып,
пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі - теңеу. Мұнда
суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен
алыстыра суреттейді. Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі айқындалу үстіне
тереңдейді де, өнер туындысының эстетикалық әсері күшейе түседі. Мағжан пейзаж
лирикасында әсем табиғат көрінісін көркем суреттей білген.
ТУҒАН ЖЕРІМ - САСЫҚКӨЛ
Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетінде күннің нұры қалқыған көл.
Жарасып саф күмістей ақ көбігің,
Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл.
АЛАТАУ
Иірілген айдаһардай ашулы асқар,
Томсарған туғаннан-ақ тарғыл тастар.
Құздарды мәңгі меңіреу мәңгі басқан
Жауһардай жарқыраған
аппақ шаштар.
Көп жылдар желдей зулап есті ме екен?
Алатау өсті ме екен, өшті ме екен?
Қиянның қыранындай қайсар елдің,
Басынан күңгірт күндер көшті ме екен?
ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР ҚАМЫС ҚҰЛАҚ
Шоқпардай
кекілі бар қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бұлбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.
(Абай)
Қай теңеуді
алмайық, суреттеліп отырған табиғатты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар
туралы дәл нақты ұғым қалыптастырад. Бұл ретте теңеу белгісіз затты белгілі затқа
айналдырып, шығармадағы авторлық идеяға қолма-қол көркемдік шешім тауып тұрғандай.
Ел басына түскен
зор нәубет, қанды кесапат - он алтыншы жыл оқиғасына арналған шығармалар көркемдік
сипатымен, терең идеясымен, шебер кескінімен, дараланып оқшау тұр. Кешіншектің
толғау-монологі сипатында жазылған жыр бастан аяқ бір шабыттан туған, көңіл күйдің қағазға түскен
суреті.
Күз сарғайтты қайыңды,
Мен де бірге сарғайдым.
Қара бұлт жауып айымды,
Жылаймын, күйем, зарлаймын.
Қасірет батты жаныма,
У-ға толды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..-
-деп басталатын өлеңде ақынның поэтикалық лексикасында
жиі қолданылатын, көп тұстарда тұтас образ, символға айналып кететін сөздер
бар. Олар: қайғы, жан, у, жас, жүрек, күз, сарғаю, қара бұлт, ай, жылау, күю,
зарлау. Ал символ деген - бір нәрсені не құбылысты тура
суреттемей, ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра
жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру.
Мұның өзі ой мен образға әрқашан астыртып, бұлдыр мағына береді деу де қате
(символды символизмнен айыра білу керек) ; ең бастысы - символ сөз өнерінде көркем
кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға
бір түрлі сыршыл сипат бетіреді. Астарлы шығарманың идеясы жалаң, жалаңаш көрінбейді,
автордың ой толғаныстары арқылы көңіл ұйытып, көкірекке терең ұялайды.
Отырмын теңіз бойында,
Ойнайды дауыл ойымда.
Соғады толқын шың, жарды,
Шертеді көңілім мұңлы әнді.
Достарым қандай көп еді,..
Көбісі соның жоқ енді.
Көпірген теңіз төңірегім,
Күрсінбейді жел тегін.
(Ә.Тәжібаев)
Әдемі өлең! Аз ғұмырында
әрқашан ақылды болу үшін әркім-ақ айрықша ескеруге тиіс шындықты ақын көз
алдына төңбекшіп жатқан теңіздей ағыл-тегіл философиялық сырға шомылдырып, шүлен
шабытпен жырлаған.
Қорытынды.
"Жырым мәңгі қалады Алашыма." Қанша қиямет күндер туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері,
поэмалары ел арасына фальклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегінде, жұрттың
ой санасында, елдің ақыл зердесінде қалып қойған еді, - оны жоюға сталиндік қанды
қырғын репрессияның күші жетпеді. Біреуден-біреу естіп, қолма - қол жаттап алып
таратты; халық өлеңдерінің әуенімен шырқалды. Бертін келе қолдан көшірілген,
машинкаға басылған нұсқалар тарап жүрді. Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға
буын, оның алдын көріп, сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ
та ақын мұрасынан хабардар еді.
Орыс әдебиетіне
қысталаң, қиын кезеңде Сергей Есенин шығармалары жұртшылыұ арасына қалай
тараса, Мағжан Жұмабаев туындылары ба біздің ортамызда сондай хал кешкені ақиқат.
Әсіресе, жеке адамға табынушылық ресми түрде айыпталып, Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
басқа да ғазиз жандар ақталып, қатарға қосылған тұста Мағжанды тірілту күресі
басталған.
Бұл орайда, Қазақ
мемлекеттік университетінің профессорлары Б.Кенжебаев, Х,Махмудов, Т.Нұртазиннің
әлеуметтік пікір қозғау мен шындыққа жету әрекеттері, Мағжан шығармаларын орыс
тіліне аударып, бастыру арқылы ақиқатты дәлелдемек болған І.Омаров, И.Шухов,
А.Жұбанов, Т.Ахтанов, А.Жовтис қимылдары нәтиже беру орнына бірқатар келеңсіз
кедергі, жазғыруларға душар болды. Осы орайда арнаулы орындарға, үлкен мансапты
қызметкерлерге хат жолдап, тарихи фактілер, әдеби мәтін күшімен Мағжанды қатарға
қоспаққа күрескен башқұрт ақыны Сайфи Құдаштың өзі қуғынға ұшырады. Қылмыс жоқтығы
айтылып, 1960 жылы заңды түрде ақталды.
Мағжанның халқына
қайта оралуы тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі кезеңінің шапағатымен дөп келіп
отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1. З.Қабдолов "Әдебиет теориясының негіздері" Алматы 1970
2. "Мөр"
мемлекеттік шағын кәсіпорын "Абай" Алматы 1994
3.3. М.Жұмабаев "Сүй,
жан сәулем" Алматы "Атамұра" 2002
4. "Қазақ әдебиеті" 11-сынып. Алматы "Мектеп" 2015